Петропавл қаласында ҚР ІІМ Ұлттық ұланы Академиясының бірінші курс курсанттарының Әскери ант қабылдау рәсімі өтті.
Биыл қасиетті антты 200-ге жуық курсант қабылдап, 12 әскери қызметші магистрант атанды. Олардың қатарында – Қырғызстаннан келген 10 және Тәжікстаннан келген 15 курсант бар. Олар Қазақстанда білім алып, Орталық Азия елдері арасындағы әскери ынтымақтастық пен бауырластық байланыстарды нығайта түспек.

Болашақ офицерлерге ақ тілектерін Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының орынбасары генерал-майор Бауыржан Әбжанов, Солтүстік Қазақстан облысы әкімі аппаратының басшысы Руслан Әлішев, ардагерлер мен ата-аналар жеткізді. Сөз алғандар анттың жай ғана рәсім емес, мемлекеттің алдында адал болып, Отанға қызмет етудің айқын белгісі екенін атап өтті.
– Бүгіннен бастап сіздер еліміздің нағыз қорғаушысына айналдыңыздар. Алған білімдеріңіз бен дағдыларыңыз Қазақстан қауіпсіздігін нығайтуға және абыройлы қызмет етуге септігін тигізетініне сенімдімін, – деді генерал-майор Б. Әбжанов.
Ант қабылдау – дайындық кезеңінің ең маңызды белесі. Бірінші курс курсанттары қатаң іріктеу мен емтихандардан, дене шынықтыру нормативтерінен және бастапқы әскери дайындықтан өтті. Алда оларды кәсіби офицер болып қалыптастыратын ұзақ жылдарғы оқу мен әскери қызмет жолы күтіп тұр.
Курсанттар Академияның тоғыз кафедрасында алты бағыт бойынша білім алады. Жоғары оқу орны құрылғаннан бері тек Қазақстанға ғана емес, аймақтағы бауырлас мемлекеттерге де офицерлер даярлап келеді. 2009 жылдан бері мұнда Тәжікстаннан 110, Қырғызстаннан 73 әскери қызметші білім алды.

Ант қабылдау рәсімінен кейін қонақтарға мәдени бағдарлама ұсынылды. Ұлттық ұланның біріктірілген әскери оркестрі әсерлі композициясымен көрермендерді тәнті етсе, 5573 әскери бөлімінің Құрмет қарауылы ротасы саптық әдістерді жоғары шеберлікпен орындап, қарумен жасалған дефилесімен ерекше әсер қалдырды. Академия тарихында алғаш рет домбыра үйірмесінің курсанттары «Балбырауын» және «Ерке сылқым» күйлерін орындап, мерекеге ұлттық нақыш қосты.

Салтанатты шара соңында ата-аналар мен қонақтарға Академия аумағын аралау мүмкіндігі берілді. Олар курсанттардың оқу-тұрмыстық жағдайымен танысып, заманауи жабдықталған казармаларды, күнделікті толыққанды тамақтануды қамтамасыз ететін кең асхананы аралады. Мұндай шара болашақ офицерлердің сапалы білім алуына және олардың тұрмысына барлық жағдай жасалғанына көз жеткізді.