2025 жылғы 11 маусым күні Ұлттық ұлан академиясында тарихи әрі тағылымды іс-шара өтті. Академияның алғашқы магистратура бағдарламасының түлектері оқу орнының ауласында естелік ретінде шырша ағашын отырғызды. Бұл – болашақ офицер-ғалымдардың туған ұжымына деген алғысы мен құрметінің белгісі.
Шара барысында Академия бастығының бірінші орынбасары — штаб бастығы, полковник Файзулин Асқар Қайратұлы құттықтау сөз сөйлеп, магистранттарға сәт-сапар тіледі:
— Бүгін сіздер тек ағаш қана емес, Академия тарихына естелік іспетті тамырлы із қалдырып отырсыздар. Бұл – тұңғыш магистранттар түлектері ретінде үлкен жауапкершілік жүктейтін мәртебе. Елге, халыққа қызмет ету жолында алған біліміңізбен, тәжірибеңізбен биік белестерді бағындырасыздар деп сенемін. Сіздерге ақ жол, табыс және сарқылмас шабыт тілеймін! – деді Асқар Қайратұлы.
Айта кету керек, магистратура Ұлттық ұлан академиясында алғаш рет 2023 жылы ашылып отыр, ал биылғы магистранттар – аталмыш білім беру бағдарламасының алғашқы түлектері болып саналады. Бұл оқиға Академия тарихында ерекше кезеңнің бастауы ретінде қалары сөзсіз.
Магистранттар атынан сөз алған майор Ерболат Отарбаев та өз әсерімен бөлісті:
— Біздің магистратура жолымыз – Академиядағы жаңа дәуірдің бастауы болды. Бұл жылдар біз үшін тек білім мен ғылымға ғана емес, нағыз достық пен рухани өсуге де толы болды. Шырша – соның символы. Академия басшылығына және ұстаздарымызға көрсеткен қолдауы үшін шексіз алғыс айтамыз. Алдағы уақытта алған білімімізді Ұлттық ұланның дамуына арнаймыз, – деді майор Ерболат Отарбаев.
Іс-шара соңында түлектер естелік суретке түсіп, өмірлеріндегі маңызды сәттің бір парағын бірге жапты.